Денсаулық

«Шырағың сөнбесін…»

Балалар мен жасөспірімдер арасында көзі ауыратындар көбейіп барады

Елімізде көз ауруына шалдыққандардың саны жыл сайын көбейіп барады.

Әсіресе балалар арасында жиі кездеседі. Мамандар осылай дабыл қағып отыр.

Балалар мен жасөспірімдердің гаджеттер мен компьютерге күні-түні байланып отыруының салдары бұл. Одан да басқа толып жатқан себептері бар. Өңірімізде балалар офтальмологі санаулы екендігін ескерсек, тағы бір мәселенің шеті көрінеді. Балалар дәрігер кезегін күткен ересектермен қатар ем алуға мәжбүр. Осы орайда облыс орталығында  жуырда ғана ашылған «Koz Alemi» орталығының жұмысымен танысқан едік.

6700 адам диспансерлік есепте тұр

Облыста 6700-ден астам адам көз аурулары бойынша диспансерлік есепте тұр, оның 1,5 мыңы —  балалар мен жасөспірімдер. Бұл цифрлар осы бейіндегі клиникаларға қажеттілік те, сұраныс та жоғары екендігін көрсетеді.

Орталық жылына 5000-нан астам көз операциясын жасауға қауқарлы. Мұнда ересектерге офтальмологиялық қызметтер толықтай көрсетіледі. Аталған клиника «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында субсидия алған.

«Koz Alemi» орталығында 13 адам жұмыс жасайды. Оның біреуі офтальмолог болса, үшеуі — офтальмохирург. Барлығы да білікті, тәжірибелі мамандар. Уфа көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелі дәрігерлерінің қатысуымен бүгінге дейін  50 операция жасалды. Сонымен бірге жасанды линзалардың үздік үлгілерін имплантациялау, катарактамен, глаукомамен ауыратын науқастарды бақылау және емдеу жұмыстары ұдайы жүргізіледі.

Одан бөлек қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастырамыз. Ай сайын қарттар үйінің науқастарына тегін диагностика жүргізіп, қажет жағдайда ота жасаймыз. Дәрігерлеріміз қарттар арасында жиі кездесетін глаукома, катарактаны емдеу үшін бірнеше ота жүргізді. Ендігі жоспарымыз —  рефракциялық лазерлі хирургияны дамыту. Осы мақсатта биыл жазда лазерлік қондырғылар алуды жоспарлап отырмыз. Балалар бөлімін ашу да жоспарымызда бар, — деді орталық директоры Дәурен Тажгулов.

Орталықта диагностика жасайтын бірнеше қондырғы бар. Ол туралы офтальмохирург Даяна Айболтинова айтып берді:
Орталыққа келген адам ең алдымен диагностикадан өтеді. Заманауи құрылғылардың мүмкіншілігі өте зор. Мәселен, фороптор аппараты адамның көру мүмкіншілігін анықтайды. Сонымен қатар көз қысымын анықтайтын автотонометр құрылғысы бар. Ал оптикалық когерентті аппарат — көздің торлы қабығының ішіндегі зақымдануларды анықтауға мүмкіндік береді. Негізінен, глаукома кезінде науқастар осы аппараттың көмегіне жүгінеді. Көз клиникасында оннан астам құрылғы жұмыс жасап тұр. Емханадан портал арқылы келген адам тегін медициналық көмекке жүгіне алады. Өз бетімен келген науқастар толық диагностикадан ақылы түрде өтеді, — деді ол.

Офтальмохирург Даяна Айболтинованың айтуынша, глаукома дереу ем жүргізбесе, суқараңғылыққа әкелуі мүмкін.

 Қазір глаукоманың белең алуы әлем елдерінде офтальмологияның ең күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Пациенттердің 90 пайызы өздерінің глаукомаға шалдыққанын байқамайды. Тек алдын ала тексерулер кезінде, оның ішінде көздің ішкі қысымын өлшегенде ғана кездейсоқ анықталады. Глаукоманы емдеуге қатысты көз оталары Ақтөбеде жасалады. Науқас қалауы бойынша Астана, Алматының клиникаларында да медициналық көмек ала алады. Уақытында қолданған емдік шара науқасты көзі көрмей қалудан сақтайды, — деді офтальмохирург.

КӨЗ ЖАТТЫҒУЛАРЫ:

 Офтальмологтар көзге ұдайы жаттығу жасап тұру қажеттігін айтады:

  1. Көзіңізді тынықтыру үшін ең алдымен компьютер мен смартфоннан алыс болыңыз. Ол үшін басыңызды тік ұстап, көзіңізді жұмып, жағымды нәрсе жайлы ойлаңыз.

  2. Назарыңызды басқа жаққа аударып, бір нүктеге 5 минут қараңыз.

  3. Жоғарыдағы ең биік нүктені тауып алып, сонда қараңыз. Содан кейін жанарыңызды ақырындап төмен түсіріп, жердегі бір нүктеге  қараңыз. Осы жаттығуды 10 рет қайталаңыз. Келесі жаттығуды дәл осы бағытта, тек солдан оңға, оңнан солға қарау арқылы жалғастырамыз.

  4. Көзіңізді айналдыра отырып, оңнан солға қарай, солдан оңға қараңыз. Бұл жаттығуларды жасау барысында асықпағаныңыз жөн.

  5. Сұқ саусағыңызды мұрныңызға тигізіңіз. Содан кейін қолыңызды алға қарай созыңыз. Бұл жаттығуды орындау барысында назарыңызды саусақ ұшынан басқа  бағытқа аудармаңыз. Бұл жаттығуды кемінде 6 рет қайталаңыз.

Көз ауруларын емдеу шаралары

Мамандардың сөзіне сүйенсек, науқастардың дені ауруын асқындырып келеді екен. Көз ауруларының алдын алу үшін скринингтік тексерілулерге жиі барған дұрыс дейді дәрігерлер.

«Koz Alemi» орталығының жоғары санатты офтальмохирургі көз ауруларынан сақтанудың жолдарын тарқатып айтып берді.

Бүгінде көз ауруларын консервативті және хирургиялық жолмен емдеуге болады. Уақтылы көз дәрігеріне жүгінген науқас дер кезінде ем-дом шараларын алса, ауруынан толықтай жазылып кете алады.

Мысалы, қарапайым  конъюнктивиттің өзі көздің көру қабілетін төмендетіп, көздегі жасушаішілік вирустардың көбеюіне әкеледі. Бұл ауру өте жұқпалы екенін ескерген жөн. Сондықтан жеке гигиеналық заттарды таза ұстау өте маңызды. Конъюнктивит кезінде екі көз бірдей ауырады, әдетте мұрынның бітелуі, бас ауыру байқалады, көз ісініп, ішінде шырышты ірің пайда болады. Сондықтан көз қышынып, алғашқы белгілер пайда болған сәттен бастап  дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз жөн, — дейді жоғары санатты офтальмохирург Айнұр Зиннатуллин.

Оның айтуынша, көз ауруларының ішіндегі ең жиі кез­десетіні — катаракта.

— Бұл ауру туабітті немесе жүре бара пайда болуы мүмкін. Ол — көз бұршағының бұлдырауынан пайда болатын көздің үдемелі ауруларының бірі. Катарактаның дамуына ықпал ететін ең көп тараған факторлар —  жас ерекшелік өзгерістері. Сонымен қатар катаракта жарақаттың нәтижесінде (көз жарасы немесе күйігі), көздің қабыну аурулары (увеит) кезінде, ауыр жұқпалы аурулардан кейін, дәрімен улану салдарынан да дамиды. Ультракүлгін сәулелер әсерінен көз бұршағында патологиялық өзгерістер пайда болады. Түрлі көз ауруларының алдын алу мақсатында әсіресе 35-40 жастан асқан­ адамдар жылына бір мәрте көз дәрі­геріне көрінуге тиіс, — дейді ол.

Айнұр Зиннатуллиннің айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында көздесетін көз ауруларының басты себебі — гаджетті ұдайы пайдалану. Осы ретте ата-аналардың да пікірін білген едік.

—  XXI ғасырдың балаларын смартфонсыз елестету мүмкін емес. Сөздің шыны керек, оған барлығымыз тәуелдіміз. Тіпті карантин кезінде еріксіз балаларына қымбат телефон алып берген ата-аналарды да көрдік. Онлайн оқу ұстазды ғана емес, оқушы мен ата-ананы гаджетке одан сайын жақын етті.

Мен немерелерімді смартфоннан алшақтатуға тырысамын, оның орнына кітап оқып беруді жөн санаймын. Түрлі түсті құрастырмалы мозайкаларды сатып алып, немерелеріммен бірге ақыл-ойды дамытатын ойындар ойнаймыз. Бұл, әрине, баланың есте сақтау қабілетін дамытып қана қоймай, көру қабілетінің де жақсаруына көмектеседі, — дейді Жайнагүл Қайралапова.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button